Йеменде тәртіпсіздік барысында 400-ден астам адам зардап шекті

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Йеменде шерушілер мен полицияның арасында болған қақтығыстар барысында 400-ден астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Utro.ru сайты.

Оппозиция өкілдерінің айтуынша, Таиз қаласында өткен үкіметке қарсы шеруді тоқтату үшін полиция қызметкерлері көзден жас шығаратын газ бен атыс қаруларын қолданғаннан кейін, барлығы 409 адам зардап шеккен. Бұған дейін 250 адам туралы айтылған болатын.

Йемен Президенті Әли Абдулла Салех өзінің отставкасын талап етіп отырған оппозицияны бітімге шақырды. «Біз билікті тапсыру мәселесін талқылауға әзірміз, бірақ тек конституцияның аясында», - деп мәлім етті Президент.

Йемендегі бұқаралық шерулер қаңтар айының соңынан бері жалғасуда. Халық "сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан билік азық-түлік бағасын ауыздықтай алмай, жұмыссыздықты шеше алмай отыр" деп айыптауда.