Бейсенбіден бері Таиз провинциясы мен Қызыл теңіздің жағалауындағы аудандарда хуситтер мен Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкімет күштері арасындағы қақтығыстарда кемінде 81 адаммерт болды.
Бұл туралы AFP әскери және медициналық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Олардың мәліметінше, үкімет күштерінен 39 адам қаза болған. Хуситтер бақылауындағы аудандардағы медициналық дереккөздер «Ансар Аллах» қозғалысының 42 мүшесі мерт болғанын хабарлады.
Бейсенбі күні хуситтер Таиз провинциясының батыс бағыттарында зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып, шабуыл бастады. Кейін жерүсті шабуылдарына көшті. 2022 жылдан бергі ең қиян-кескі шайқастар Макбана, Маузеа және Джабаль-Хабаши аудандарында болды.
Хуситтердің күштері бірнеше учаскеде алға жылжығаны хабарланды. Үкімет күштері кейін жоғалтқан аумақтарының бір бөлігін қайтарып алғанын және үш ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді. Екі тарап та ұрыс аймағына қосымша бөлімшелер мен әскери техниканы жіберіп жатыр.
Үкімет күштерінің мәліметінше, шабуылдың негізгі мақсаттарының бірі Таизді Қызыл теңіз жағалауындағы Әл-Моха портымен байланыстыратын жол болған. Бұл бағыт азық-түлік пен басқа да жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ үкімет бақылауындағы күштерді қамтамасыз етуге пайдаланылады.
Әл-Моха ауданында Йеменнің бұрынғы президенті Али Абдалла Салехтің жиені Тарик Салех басқаратын «Ұлттық қарсылық» күштері орналасқан. Жолдан айырылу үкімет күштерінің жағдайын қиындатып, хуситтердің Қызыл теңіз жағалауындағы ықпалын кеңейтуіне мүмкіндік беруі мүмкін.
Хуситтердің өкілі Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында әскери іс-қимылдардың, ең алдымен теңіздегі Йеменді «қоршаудан шығуға» бағытталғанын мәлімдеді. Қозғалыс бұдан басқа мәлімет айтпады.
Йемен Президенттік басқару кеңесінің басшысы Рашад әл-Алими хуситтер бақылауындағы аудандардағы тайпаларды өз ұлдарын «Иран режимінің жоспарына бола өлімге жібермеуге» шақырды.