Ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылады - министр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жалпы егіс алаңы 86,4 мың гектарға ұлғайып, 22,7 млн гектарды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы егіс науқанына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Болжамды құрылымға сүйенсек, жалпы егіс алаңы 86,4 мың гектарға ұлғайып, 22,7 млн гектарды құрайтын болады. Майлы, азықтық және көкөніс-бақша дақылдарының, сондай-ақ қарақұмық әрі қант қызылшасы сияқты әлеуметтік дақылдардың алаңдарын ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар бидай, күріш және мақта сияқты дара дақылдар мен ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылады», - деді министр.

Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілері 70 млрд теңге сомасында жеңілдетілген кредитпен, 379,8 мың тонна көлемінде арзандатылған жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілетін болады. Ол нарықтық бағадан 11 пайызға арзан деңгейде белгіленеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылы ауыл шаруашылығында түрлі бағыттар бойынша 79 инвестициялық жоба іске асырылады.



Соңғы жаңалықтар