«Ыммен түсінушілік» жолы тыйылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 11 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ташкентке сапары барысында халқымыздың ұлы перзенті Абайға ескерткіштің ашылатыны туралы кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингінде оның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ыммен түсінушілік» жолы тыйылады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Ташкенттегі ке­ліс­сөздердің қорытындысы бойын­ша Қазақстан мен Өзбекстан ара­сындағы бірқатар үкіметаралық екіжақты келісімдерге қол қою қа­рас­тырылып отырғаны да мә­лім болды. Сонымен қатар, Ел­ба­сы осы сапарында Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Өзбекстан Рес­пуб­ликасындағы елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысады деп күтілуде екен.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Лондон Жоғарғы сотынан кейін қазақстандық олигарх Мұхтар Әбіләзовтің ісі Ирландияда да мықтап қолға алына бастады. Қазір Еуропада қашқын банкирдің ісі бойынша сот тергеулері жүріп жатыр. «Осы тұстан бастап оның халықаралық деңгейге жеткізген алаяқтық сызбасының қитұрқысын зерттеуге ирланд билігі де қосылды. Бұдан бірер күн бұрын мұнда Қазақстанның БТА банкінен заң­сыз жолмен активтерді офф­шор­лық аймаққа алып кету үшін ашылған бірқатар компа­ния­лардың іс-әрекеттері тексе­рілетіні белгілі болды. Осы алаяқ­тықтың басты ұйым­дас­ты­рушысы ретінде Латвия­ның бір топ азаматтары қарас­тырылды», - делінген басылымдағы «Әбіләзовтің соңғы оффшоры» деген тақырыптағы мақалада.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, аусыл ауруының шығуынан Шығыс Қазақстан облысындағы екі ауыл аумағында 800-ден астам ірі қара жойылады. Ошаққа карантиндік шектеулер жарияланып, бекеттер қойылып, ауыл шаруашылығы малдарының және мал өнімдерінің қозғалысы тоқтатылған. Карантиндік шаралар жүргізіліп, 1 автокөлік ДУК, 1 экскаватор және 1 тиеуші жұмылдырылған. Бұрындары хабарланғандай, мамыр айында аусыл ауруы Үржар ауданында тіркеліп, онда 1,3 мың бас ірі қара мал жойылған. Биылғы 4 маусымда Тарбағатай ауданында 40 бас ірі қара малдан аусыл ауруының клиникалық белгілері анықталды.

***

«10 жылы ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден 1,3 милионнан астам адам өтті, бұл барлық түлектердің шамамен 80 пайызын құрайды», - деп жазады «Литер» газеті «После баллов» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл жайында кеше эксклюзивті сұхбат берген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім еткен. Оның атап өтуінше, түлектердің 34 пайызы «Алтын белгіге» лайық екендіктерін дәлелдеген. 7 түлек 125 балл, ал 11 мыңнан астам түлек 100 балдан жоғары жинаған.

***

«Время» газетінің бүгінгі санындағы «Штрафной минимум» деген тақырыптағы мақалада Атырау облысының Исатай ауданында екі мұнай құбырының апатқа ұшырағандығы жазылған. Басылымның атап өтуінше, апат салдарынан 3,2 шаршы метр жерге мұнай төгілген. Аудандық прокуратура экология келген шығынды есептеді. Олардың болжамынша, «ЕмбіМұнайГаз» компаниясынан шамамен 4 млн. теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алу қажет.