Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жүздесу барысында әңгімелесушілер екі ел ынтымақтастығының стратегиялық маңызына тоқталып, көптеген мәселелерді кең көлемде талқылады. Тараптар осы саяси үнқатысудың жоғары деңгейіне Қазақстан мен Түркия көшбасшыларының арқасында жетіп отырғандықтарына бірауыздан келісті.
Джемиль Чичек біздің Мемлекет басшымыздың халықаралық бастамаларына жоғары баға беріп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, түркі әлемінің көшбасшысы екендігін айрықша атап өтті.
Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мен Джемиль Чичек қол қойған Ынтымақтастық туралы меморандум парламенттер арасына тығыз байланыс орнатады. Парламент Мәжілісінің Төрағасы мен Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Меморандум екі елдің заңнамалық органдарының үлкен келешегіне жол ашатынына сенім білдірді.
«Бұл жан-жақты жоспарлы құжат біздің елдеріміздің стратегиялық жоспарларын парламенттік деңгейде іске асыруға мүмкіндік береді. Түркітілдес елдердің парламентшілері бүгінгі заманның өзекті мәселелерін бірлесе отырып шешулеріне барлық жағынан мүмкіндік бар екендігін көріп отырмыз»,- деп атап өтті түркиялық әріптестерімен кездесудің қорытындысында Нұрлан Нығматулин.
Қазақстан мен Түркия парламентшілерінің ынтымақтастығының көкжиегін ұлғайту бағыттарында келер жылдары - парламенттердің салалық комитеттері заң шығарушылық тәжірибе алмасудың жүйелі байланысын орнатып, парламентаралық ұйымдар шеңберіндегі мәселелерді келісе әрі үйлесімді жүргізу мақсаттары бар.
Сондай-ақ, ТүркПА мен басқа да халықаралық үнқатысу алаңдарын Ауғанстанның аймақтық қауіпсіздігі мен өркендеуін қамтамасыз ету шараларын бірлесе жасау мақсатында пайдалануға болады.
Екі елдің парламентшілері ТүркПА шеңберінде түркілік бауырласуды нығайтуға ерекше көңіл бөлетін болады.