YouTube-ке ролик түсіріп жатқан әйел абайсызда күйеуін өлтіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та 19 жастағы Миннесот тұрғыны Монализа Перес YouTube арнасына видео түсіру барысында абайсызда өзінің 22 жастағы күйеуі Педро Руизді өлтіріп алды, деп хабарлайды www.bbc.com.

Полиция қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, жұп Desert Eagle калибрлі тапаншасынан энциклопедияның қалың мұқабасына оқ атып эксперимент жасап көрген және оны видеоға түсірмек болған. Олардың алдын ала болжамы бойынша, тапаншадан атылған оқ мұқабаны тесіп өтпеуі тиіс еді. Роликті түсіру үшін жастар бөлмеге екі камера орнатқан.

Алайда бәрі керсінше болып, Перес атқан оқ Руиздің кеудесіне тиеді. Руизге медициналық көмек көрсетілгенмен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

19 жастағы Монализа Перес қазір жүктіліктің жетінші айында. Ол полицияға YouTube-ке арналған  мұндай ролик түсіру алдымен Руиздің ойына  келгендігін мәлімдеді.

Айта кетейік, видеоны түсіруге ерлі-зайыптының үш жастағы баласы мен «трюкті» тамашалауға жиналған 30-ға жуық көршілері қатысқан.