YouTube-тің қытайлық баламасы: Bilibili бейне платформасы жаһандық деңгейге көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайлық Bilibili бейне платформасы халықаралық қосымшаны іске қосу арқылы ішкі нарығынан тыс деңгейге шығып отыр. Компания халықаралық аудиторияны тарту үшін жеңілдетілген тіркеу және жақсартылған локализацияны ұсынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Bilibili видеосынан скрин

Әзірлеушілер ықпал ету аясын кеңейту жұмысы басталғанын қызметтің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады. Нақтыланғандай, қосымша Android жүйесінде қолжетімді, iOS жүйесінде іске қосылуы және географиялық кеңеюі жақын арада жоспарланып отыр.

Жергілікті телефон нөмірін байланыстыруды және сәйкестендіруден өтуді талап ететін негізгі қытайлық нұсқадан айырмашылығы – халықаралық қызмет аккаунт құрудың жеңілдетілген процесін ұсынып отыр.

- (Пайдаланушылар үшін – авт.) бүкіл әлем контенті, жақсартылған локализация және қажетсіз тексерулерсіз қарапайым тіркеу әзірленеді... Ары қарай одан да ыңғайлы мүмкіндіктер пайда болады, - делінген әзірлеушілер мәлімдемесінде.

Bilibili командасы ерте қолжетімділік кезеңінде техникалық мәселелерді шешу және интерфейсті оңтайландыру үшін пайдаланушылардың кері байланысын күтеді.

Осыған дейін YouTube 24 тамыздан бастап қаралымдарды есептеу тәртібін өзгертетінін хабарладық.