YPG/SDG террористерінің Алепподағы соңғы штабы Сирия билігінің қолына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Түркиялық Анадолу ақпарат агенттігінің түсірілім тобы Сирияның Алеппо қаласындағы Шейх Максуд ауданында орналасқан, YPG/SDG террористік ұйымының содырлары штаб-пәтерге айналдырған ауруханаға барып, бейнетаспаға түсіріп қайтты.
Шейх Максуд — Сирия үкіметінің әскерлері YPG/SDG террористік ұйымынан тазартқан Алепподағы соңғы аудан.
«Ясин» деп аталған медициналық мекемені террористер «Халид Фаджр» деп атын өзгертіп алған.
Ғимараттың ішінен гранатомет, ракеталық қондырғы, мылтықтар, қол гранаталары, бронежилеттер және көп мөлшерде оқ-дәрі табылған.
Шейх Максуд ауданынан шегіну кезінде топ мүшелері аурухананың барлық бөлімшелерін, сондай-ақ оның астынан қазылған тоннельдерді де минамен жарылуға дайындап кеткен.
Алепподағы «СДК»-ге қарсы операция
6 қаңтардан бастап YPG содырлары («Сириялық демократиялық күштер») Алеппо қаласының түрлі аудандарына соққы жасай бастады.
Дамаскідегі үкімет «СДК»-ден 10 наурыздағы келісімді сақтап, қалаға жасалған шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етті. Алайда шабуылдар тоқтамаған соң, Сирия армиясы Алепподағы басып алынған аудандар — Шейх Максуд, Ашрафия және Бени-Зейдадағы «СДК» позицияларына қарсы нысаналы операциялар бастады.
Сирия армиясы Алепподағы Шейх Максуд ауданындағы барлық әскери операциялар 10 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де толық тоқтатылғанын хабарлады. Сондай-ақ Алепподағы Ясин ауруханасында бекінген «СДК» элементтері қарусыздандырылып, Табка қаласына көшірілетін болды.
Еске сала кетсек, кеше АҚШ Сирияда Ислам мемлекеті содырларының нысандарына ауқымды соққы жасады.