Ыстамбұлда 20-дан астам турист газға уланды, төртеуінің жағдайы ауыр

АСТАНА. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Modern Sultan Hotel қонақ үйінде 20-дан астам турист белгісіз газға уланып қалды, деп хабарлады РБК.

Зардап шеккендер арасында 21 турист, қонақ үйдің екі қызметшісі бар. Олар ауруханаға жеткізілді, төртеуінің жағдайы ауыр.

Зардап шеккендер Ыстамбұл университеті жанындағы Окмейядин, Таксим, Шишли Этфал госпитальдарына жатқызылды. Олардың ұлттары әлі жарияланбауда.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаның себебі - газдың шығуы. Қазіргі уақытта қонақ үйде өрт сөндірушілер мен газ қызметінің мамандары жұмыс істеуде.