Ыстамбұлда ағылшын жазушысы Д.Айткеннің «Қазақстан көшбасшысы Назарбаев» атты кітабының таныстырылымы өтті
Чираан сарайында өткен оның түрік тіліндегі таныстырылымына кітаптың авторы Джонатан Айткен, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Бағдат Әміреев, «Диалог - Еуразия» тұғырнамасының үйлестірушісі Харун Токак, Халықаралық Қожа-Ахмет Йасауи қорының президенті Намық Кемал Зейбек және басқа да танымал қайраткерлер қатысты.
Д.Айткен өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітапты үлкен толғаныспен, қызыға жазғанын, өйткені Қазақстан Президенті - әлемдік деңгейдегі осы заманғы көшбасшы екенін атап өтті. «Қазақстанның көшбасшысы Назарбаев» жазушының 12-ші кітабы.
Халықаралық Қожа-Ахмет Йасауи қорының президенті Н.Зейбек Н.Назарбаев та Ататүрік сияқты көп кітап оқығанын айта отырып, Қазақстан басшысын заманымыздың Ататүрігі деп атады.
Х.Токак Қазақстан Президенті сарабдал саясат жүргізуінің арқасында Орталық Азия мен бүкіл әлемдегі үлгілі көшбасшыға айналғанын жеткізді.
Елші Б.Әміреев Н.Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіз ел болуға сіңірген еңбегін атап көрсетті.