Ыстамбұлда Бүкіләлемдік түркі форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Ыстамбұл қаласында Бүкіләлемдік түркі форумы басталады. «Түрік Азия Стратегиялық зерттеулер орталығының» (TASAM) ұйымдастыруымен төртінші рет өткелі отырған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясы қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы академияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Форум барысында Түркі дүниесінің «Қызыл алма» сыйлығы табыс етіледі. Аталған сыйлық өткен жылдан бастап беріле бастаған. Марапат «Мемлекет», «Бизнес», «Ғылым», «Мәдениет» сынды бірнеше аталым бойынша тағайындалады.

«Жалпылама алғанда «Ашық дипломатия. Медиа. Ақпарат» тақырыбында 3 күнге жоспарланған форумның бір сессиясы әйгілі Шанаққала шайқасының 100 жылдығына арналады. 2010 жылдан тұрақты өткізіле бастаған форумға жыл сайын 60-тан астам мемлекет қатысады. Биыл да осынша елден мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен халықаралық ұйым басшылары қатысады деп күтілуде», - делінген баспасөз баянында.