Ыстамбұлда БҰҰ «Өркениеттер альянсы» әріптестерінің форумы өтті

Фото: None
ЫСТАМБҰЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 31 мамыр - 1 маусым аралығында Ыстамбұлда БҰҰ «Өркениеттер альянсы» әріптестерінің форумы өтті.

Талқыға түскен негізгі тақырыптар - мәдениетаралық сұхбат пен жаһандық саясат  болып табылды. Жиынға 70 елден және 15 халықаралық ұйымнан келген белгілі қоғамдық және саяси қайраткерлер қатысты.

Форумның ашылуында Түркия Республикасының Премьер-Министрі Реджеп Тайип Ердоған, Бразилия вице-президенті Мишель Темер, Әзербайжан Парламентінің төрағасы Огтай Асадов, Эфиопия Парламентінің төрағасы Ади Касса Теклебирхан, Йемен Премьер-Министрі Муххамед Салим Базиндвах, Люксембург Вице-Премьер-Министрі және Сыртқы істер министрі Жан Ассельборн, Бахрейн Премьер-Министрінің орынбасары Халифах ибн Сулман Аль-Халифа, ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Исханоглу, Катардың Сыртқы істер Мемлекеттік хатшысы Шейх Хамад бин Жасим бин Жабр Әл Тани, Австрия мен Испания Мемлекеттік хатшылары, Португалия экс-Президенті сөз сөйледі.

Қазақстан делегациясын ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев басқарып келді.

 Түркия Республикасының Премьер-Министрі Реджеп Тайип Ердоған өз сөзінде Өркениеттер альянсы жобасының жаһанданып келе жатқан әлемдегі зор маңызын атап өтті. Р.Т.Ердоған мемлекеттердің жаһандық проблемалар алдында тұрып, өз шекараларында тұйықталып қалуға құқы жоқ екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ ол әрбір елдің жаһандану үстіндегі ар-ожданның бөлшегі болып табылатындығын атап көрсетті. Адамзаттың күн тәртібінде тұрған проблемалардың бәрін жою үшін Өркениеттер альянсы шеңберінде ынтымақтастықты жандандыру қажет. Түрік премьері Өркениеттер альянсы жобасының  қызмет ету сапасын жақсарту үшін оған материалдық көмек көрсету қажет екендігіне тоқталды, ол үшін елдерді, халықаралық компанияларды Өркениеттер альянсына қаржылық жәрдем көрсетуге шақырды.

Отырыста сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Әріптестердің Ыстамбұлдық форумында Өркениеттер альянсы қызметінің таяудағы 5 жылға арналған бағдарламасы әзірленетінін және бұл іс-шараның ең басты нысанасы бюджеттік проблемаларды жою болып табылатынын атап өтті.

Жиын барысында әріптестер Альянс қол жеткізген нәтижелерді қарастырды және бірқатар мәселелерді, ұзақмерзімді қажетті ресурстарды қоса алғанда, 2012-2013 жылдарға тікелей қатысты талаптар мен БҰҰ Өркениеттер альянсы іс-әрекетінің ағымдағы басымдықтарын талқылады. Форумға қатысушылар «Мәдениеттер бірлігі және ғаламдық саясат», «Жанжалдарға жол бермеу және араағайындық», «Өркениеттер альянсы, қалалар мен азаматтар», «Жаһандық әлемге көзқарас» сияқты бірқатар тақырыптарды талқыға салды. Өркениетаралық сұхбат пен ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселелері бойынша пікірлермен алмасты, басымдықты міндеттер мен мақсаттарды талқылады.