Ыстанбұл - Алматы бағытындағы ұшақта шылым шеккен өзбекстандық рейстен түсірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында «Ыстанбұл - Алматы» бағытындағы әуе кемесінде шылым шеккен Өзбекстан азаматы рейстен түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

Департаменттің хабарлауынша, жыл басынан бері елдегі көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 11 419 адамды әкімшілік жазаға тартты. Оның ішінде рұсқат етілмеген орындарда шылым шеккен 894 адам бар.

«2019 жылдың 4 наурызында Алматы қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесіне «Эйр Астана» АҚ әуе компаниясының өкілінен «Ыстанбұл - Алматы» әуе рейсінде тәртіп бұзған жолаушы туралы хабар келіп түсті. Тексеру барысында көлік полицейлері 43 жастағы Өзбекстан азаматының ұшақ бортында шылым шеккенін анықтады. Әуе кемесі командирінің актісімен жолаушы рейстен түсірілді», - деп хабарлады Алматы қаласы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 564-бабы, 5-бөлігіне (Жолаушының әуе кемесінің қауіпсіздік ережелерін бұзуы) сәйкес, құқық бұзушыны әкімшілік жазаға тарту үшін оқиға материалдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне жіберілді.

Көлік полициясы ұшақтағы қауіпсіздік ережелерін бұзған жолаушыларға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылатынын еске салды.