Ыстанбұлда әйелдердің бейбіт шеруі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда Халықаралық әйелдер күніне орай бейбіт шеру өтті. Айтулы мереке қарсаңында Ыстанбұлдағы Бакыр-көй ауданының орталық алаңына жиылған бір топ үкіметтік емес ұйым белсенділері нәзік жандылардың құқығы аяқ асты етіліп отырғандығына наразылық білдірді, деп хабарлайды Хабар 2 4 телеарнасы.

Ұйымдастырушылар әсіресе, Түркияда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршіп тұрғанына алаңдаулы. «Үміт» қоғамдық қорының мәліметінше, былтыр отбасылық дау-жанжалдан 400-ге жуық қыз-келіншек өмірмен қош айтысқан. Оның 85 пайызы өз күйеуі мен сүйіктісінің қолынан қаза тауыпты. Осылайша Түркияда әр 10 әйелдің 4-уі ерлер тарапынан зорлық көреді екен. Сондықтан бүгінгі шеруге шыққан белсенді топ билік өкілдерінен нәзік жандардың қоғамдағы орны мен рөлін арттыруды талап етті.

«Елімізде әйелдердің қоғамдық рөліне немқұрайлы көзқарас қалыптасқан. Өйткені олардың құқықтары күн сайын аяққа тапталып жатыр. Ал үкімет нәзік жандарға қарсы озбырлық азайды деп айтудан жалықпайды. Алайда шынайы өмірде жағдай мүлдем бөлек. Мысалы биыл ақпан айында тұрмыстық зомбылыққа душар әйелдердің саны өткен жылмен салыстырғанда 38-ге өскен. Біз бұл жантүршігерлік әрекеттерге тосқауыл қоюымыз керек. Өз құқығымызды осылайша талап етпесек, ешкім біздің мәселемізді шешіп бермейді», - дейді шеруге қатысушы студент Зехра Гюнеш.