Ыстанбұлдың Reina түнгі клубына қарулы шабуыл Жаңа жыл түнінде жасалды. Автоматпен қаруланған терроршы клубты күзетіп отырған күзетшіні атып, 700 адам болған ғимаратқа кіріп, ондағы адамдарға оқ жаудырған.
Түркия ІІМ-нің мәліметтерінше, 39 адам құрбан болып, 69 адам жараланған. Шабуылдаушыны іздестіру шаралары жалғасуда.
Рейтер агенттігінің мәліметтері бойынша, аталған терактіні «Ислам мемлекеті» ұйымы мойнына алды.
Қазіргі таңда террористік кім екенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, шабуылдаушы не Өзбекстан, не Қырғызстан азаматы болуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері түнгі клуб аймағындағы бейнекамерадағы көріністерді зерделеді. Онда терроршының бет-әлпеті айқын көрінген. Ыстанбұлдың Бас прокуратурасының Ұйымдасқан қылмыспен және терроризммен күрес департаментінің өкілдері аталған факті бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.