«Ыстанбұл әуежайындағы ахуал барынша күрделі. Ол қазірде жалғасуда. Қалың қардың жаууы салдарынан түрік әуе желісінің мыңдаған рейсі барлық бағытта, оның ішінде ағымдағы жылдың 6, 7, 8, 9 қаңтар күндері Ыстанбұл-Алматы-Ыстанбұл, Ыстанбұл-Астана-Ыстанбұл бағытында да рейсі кейінге шегерілген. Кеше «Эйр Астана» әуе компаниясының рейсі де кейінге шегерілді. Бүгінде Turkish Airlines Қазақстан бағытындағы 2 рейсін кейінге шегереді деп күтудеміз», - деді Қасымбек.
Министр деректеріне сәйкес, соның салдарынан 900 адам зардап шеккен.
«Оның ішінде біз 600 адамды ауа райы қолайлы болғанда елге жеткіздік. 300 адам бүгінде Ыстанбұл әуежайында қалып отыр. Олар қонақ үймен және тамақпен қамтамасыз етілген», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта да ауа райының беті көңіл көншітерлік емес, қалың қар жауатындығы күтілуде.
«Біз ахуалды бақылауда ұстаудамыз. Түрік авиациялық билігімен және әуе компанияларымен белсенді жұмыс істеудеміз», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Тайландқа қатысты да ахуалдың мән-жайы анықталу үстінде.
«Рейстер кейінге шегерілетіндігі болжанған болатын. Тайландтың ішкі рейстері қарқынды өзгеріске ұшырауда. Бірақ, Қазақстан бағытындағы рейстер бүгінгі күні кесте бойынша орындалуда», - деді Жеңіс Қасымбек.