Ыстықкөл әлемнің 12 романтикалық көлінің арасында 5-орынды еншіледі

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Қырғыздың Ыстықкөлі украиналық интернет порталдарда өткен сауалнама қорытындысы бойынша 12 үздік романтикалық көлдердің қатарына енген.

Ол көлге нағыз романтиктер ғана барады деген баға берілген.

Ыстықкөл әлемнің 12 романтикалық көлінің арасында 5-орынға жайғасыпты. Оған берілген сипаттамада «Ыстықкөл - Орталық Азияның нағыз інжу-маржаны» деп атап көрсетілген. Көлемі шексіз жартылай ащы көл - әлемдегі ең ірі тау көлдерінің бірі. Оны жан-жағынан қоршаған таулар солтүстіктен соққан суық желдер мен сахараның ыстық демінен қорғап тұрғандай. Бұл жерде ешқашан аптап ыстық немесе қақаған аяз болмайды.

Ыстықкөл Орталық Азиядағы ең ірі курорттық шипажайлардың бірі. Ол туристер үшін жайлы әрі жұмсақ климатымен әрі керемет сұлулығымен тартымды. Таулы-теңізді климат, таза ауа, күннің жұмсақ шапағаты мен емдік қасиеті мол минералды сулары, ыстық бұлақтары мұнда келгендердің жанына дауа, дертіне шипа сыйлайды.

Аталған рейтингте бірінші орында Ресейдің Байкал көлі тұр. Екінші орынға Италияның Комо көлі жайғасыпты. Ал үшінші орын АҚШ-тағы Тахо көліне бұйырған. Одан әрі кезекте Германияның Тегерназесі, Қырғызстанның Ыстықкөлі, Австрияның Вольфганзесі, Венгрияның Балатоны, Швейцария мен Францияның шекарасындағы Женева көлі, Шотландиядағы Лох-Несс, үздік ондықтың соңында тағы бір италиялық көл Гарда тұр. Он бірінші және он екінші орындарда швейцариялық Лугана мен Финляндияның Пяйянне көлдері орналасқан, деп жазады Baq.kz.