Ыстықкөл жағасында жазда халықаралық оқушылар слеті өтеді
«Бұл шараға Алматы, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан 4 пен 14 жас аралығындағы 160 бала қатысуда. Олар онда музыка, би, әдебиет, драматургия, қолөнер мен спорттан өзара өнер жарыстырады. Мақсат - балалардың бойындағы қабілеттерін дамытып, өнерлерін ұштау. Бұл фестивальде өмір бойына естелік сыйлағанымызға қуанышымыз шексіз. Ол бізге әрдайым күш беріп, жігерімізді жани түседі», - дейді «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің аткарушы директоры және оның жанынан құрылған «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығының президенті Аят Мәдібекұлы. Оның айтуынша, шығармашылық бірлестік елді елге жақындастырып, халық ынтымағының нығаюына, рухани және әлеуметтік-экономикалық байлығының дамуына үлес қосу мақсатында 2008 жылы құрылған. Қазіргі таңда оның құрамында - ұстаздар, қолөнершілер, көркем өнерпаздар, ғалымдар, жазушылар, құқық қорғаушылар, спортшылар, кәсіпкерлер мен шаруалар, халық медицинасы өкілдері, ақпараттық және талдау саласы қызметкерлері, ұлттар достығының 10 халықаралық одағы бар. Бұдан бөлек Халықаралық инновациялық технологиялар университпеті, Алматы гуманитарлық-коммерциялық колледжі, Халықаралық ғылым академиясы, Академик Әбен Нұрманов атындағы кітапхана, «Мамыр» халықаралық оқу-кеңесі орталығы мен «Таланттар академиясы» оқу-кеңес орталығы сияқты 6 мекеме жұмыс жасайды.
Аят Мәдікбекұлының сөзіне қарағанда: «халықаралық шығармашылық бірлестіктің ағымдағы жылғы алғашқы шарасы 19 қаңтарда өткен «Ақбозат» атты ІІ Халықаралық ақындар мүшәйрасы болып отыр. Енді балалар фестивалінен кейін, Алматыда 23-24 ақпанда Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған «Махаббаттың әзіл-ханы», ал 27-28 сәуірде Шоқан Уәлихановқа арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтеді. Одан кейін 21-23 маусымда Қырғыз еліндегі Ыстықкөлде Шыңғыс Айтматовқа арналған халықаралық жазушылар конгресі, Халықаралық оқушылар слеті, 1-7 шілдеде халықаралық халық медицинасы симпозиумы, 8-14 шілдеде халықаралық жастар мен студенттер форумы болады. Сондай-ақ 17-18 тамызда Ақтауда Тарас Шевченкоға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылмақ».