Жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель мұндай тенденция жаңа Бюджет кодексіне қайшы екенін айтады.
— Жаңа Бюджет кодексінің квазимемлекеттік сектор есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеті бұрмаланған. 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы бойынша есептілік жеткілікті шамада егжей-тегжейлі көрсетілмей, жинақталған күйінде берілген, — деді ол Мәжілісте.
Оның сөзінше, бюджетті игеру туралы есептер мақсатқа, міндеттерге және өндірістік параметрлерге қол жеткізу туралы деректерді қамтымай, қаржылық көрсеткіштермен шектеліп жатыр.
— Экономикада үлесі басым негізгі ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың нәтижелілігі туралы нақты ақпарат жоқ, — деді ЖАП мүшесі.
Айта кетейік, Мәжілісте Үкіметпен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып жатыр.