НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Галышева Тайвуда (Қытай) фристайл-могулдан өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағанындай, Ю.Галышева 79,8 балл жинады.
Франциялық Перрин Лаффон үздік нәтижемен (81,4 балл) чемпион атанса, канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант үздік үштікті түйіндеді. Бұлардың екеуі де – олимпиада чемпиондары. Ал Ю.Галышеваның 2018 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері атанғаны белгілі.
Ерлер арасында қазақстандық Дмитрий Рейхерд алтыншы орынға ие болды. Мұнда жапониялық Икума Хирошима (86,9 балл) әлемдік фристайлдың көшбасшысы, канадалық Микаэл Кингсбериді (86,3 балл) басып озып, жеңімпаз атанды. Қола жүлде франциялық Бенжамен Кавенің (83,3) еншісінде кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).