НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Юлия Галышева желтоқсан айындағы үздік спортшы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, бұл атақтан бес спортшы үміткер болды.
Ю.Галышеваға (фристайл-могул) қоса Дмитрий Баландин (жүзу), Ермек Айназаров, Дархан Асаділов (екеуі де каратэ) және Артем Захаровқа (тректегі велоспорт) жанкүйерлер дауыс берді.
Дауыс беру бүгін сағат 10.00-де аяқталды. Соның қорытындысы бойынша Ю.Галышева 58,40 пайыз дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Ермек Айназаров екінші, Артем Захаров үшінші орынға ілікті.
Еске сала кетейік, Ю.Галышева Қытайда өткен әлем кубогы кезеңінде күміс жүлдегер атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).