АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, Ролан Гаррос турнирінің екі дүркін чемпионы, франциялық Каролин Гарсиямен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда франциялық спортшы брейк жасап, өз пайдасына шешті - 6:3.
Екінші сетте Каролин 3:0 есебімен алға кетті. Юлия есепті 3:4-ке дейін қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді - 4:6.
Бір сағат 35 минутқа созылған кездесуде К.Гарсия 18 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Ю.Путинцева 4 эйс, 1 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).