АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 61-ракеткасы Юлия Путинцева Монреаль WTA 1000 турниріне шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы аталмыш жарыстың іріктеу сайыстарының финалында жеңіліс тауып, негізгі додаға қосыла алмаған еді.
Соған қарамастан, чехиялық Линда Носкова турнирде ойнамайтын болды да, оның орнына Ю. Путинцева шақыртылды. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Бернарда Перамен кортқа шығады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы анықталды. Дүниежүзілік рейтингте 584-орында тұрған америкалық Дженнифер Брэйди күтпеген жерден тартысты матчта әлемнің 20-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гарростың жеңімпазы, латвиялық Елена Остапенконы ұтып кетті – 7:6 (9:7), 0:6, 7:6 (10:8).
Ю. Путинцева Б. Перамен бүгін, Е. Рыбакина Д. Брэйдимен ертең ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте үздік үштіктен тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Александр Бублик Канадағы мастерс турнирінде ұтылып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).