АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 60-ракеткасы Юлия Путинцева Монреаль WTA 1000 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 860-орында тұрған канадалық Мия Купреспен кездесті.
Ю.Путинцева бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, одан кейін айқын басымдылық танытты – 6:2, 6:0.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 10 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Қарсыласы 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Юлия Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 114-ракеткасы, аустралиялық Кимберли Биррелмен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, 7 тамызда басталатын негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның Монреаль мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бубликтің Торонто мастерс турниріндегі қарсыласы белгілі болды.
Александр Недовесов Аустриядағы жарыстың финалында жеңіліс тапты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).