Юлия Путинцева Осака турнирінде жұптық сында да ширек финалға өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінде жұптық сында ширек финалға өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші ресейлік Анна Калинскаямен бірге бастапқы кездесуін жапониялықтар Юки Наито - Моюка Учижимамен сәтті өткізді.

Бірінші партияда жапониялық жұп 6:2 есебімен басым түсті. Екіншісінде Путинцева мен Калинская есе қайырды - 6:3.

Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 12:10.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық-ресейлік дуэт 1 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді. Жапониялықтар 2 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Юлия Путинцева бір күнде екі бәсеке өткізіп, жұптық сында да ширек финалға шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Осака турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.