Юлия Путинцева Рим турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарының бірінші ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева дүниежүзілік рейтингте 181-орында тұрған аустралиялық Сторм Сандерспен кездесті.

Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен бет қаратпай ұтты.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында Ю.Путинцева эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді.

Ю.Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 66-ракеткасы, хорватиялық Ана Конюхпен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын Рим додасы 9-15 мамыр аралығында өтеді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Ыстанбұл турнирінің жеңімпазы атанғанын, Шымкент челленджер жарысында қазақстандықтардың қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.