АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Юлия Путинцева Швецияның Бастад қаласында челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 524-орында тұрған швециялық Лиза Заармен өткізді.
Ю.Путинцева бұл матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.
Қарсыласы 3 брейктен (10 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 125-ракеткасы, америкалық Кэти Волынецпен таласады.
Ол аргентиналық Юлия Риераны 6:4, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Ю.Путинцева Уимблдон турнирінде алғашқы айналымда-ақ әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майядан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Анна Данилинаның Уимблдон ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Елена Рыбакина ширек финалда өткен жылғы Уимблдон финалындағы қарсыласы Онс Жабермен ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).