НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева бүгін жаңартылған WTA рейтингісінде үздік отыз теннисшінің қатарына қайта кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен аптада Чарльстон WTA 500 турнирінің ширек финалына дейін жеткен Ю.Путинцева 31-ден 30-орынға көтерілді.
Юлияны жеңген черногориялық Данка Ковинич кейін финалда ғана жеңіліс тауып, бірден 26 сатыға жоғарылап, 65-орынға жайғасты. Ал осы айтулы додада жеңімпаз атанған ресейлік Вероника Кудерметова 38-ден 29-орынға көтеріліп, Ресейдің 1-ракеткасы атанды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 23-орнында қалса, Зарина Дияс 88-ден 90-ға сырғыды.
Қазақстан әйелдер құрамасын осы аптада маңызды кездесулер күтіп тұр. Қазақстандықтар 16-17 сәуір күндері Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Аргентинаның Кордова қаласында корт иелерімен матч өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Швейцариядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).