НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю. Путинцева жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 122-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші үш брейк жасап, басымдық танытты – 6:2.
Есесіне, екінші сетте 21 жастағы А. Потапова есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда ресейлік теннисші есепті 5:1-ге жеткізіп, матчқа доп бергенде, Путинцева брейк жасай алды. Бірақ, одан әріге шамасы жетпеді – 2:6.
Тартысты бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
А. Потапова жүлде қоры 251,7 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың бас жүлдесі үшін әлемнің 24-ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстя немесе рейтингте 29-сатыдағы ресейлік Вероника Кудерметованың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Шымкент турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).