НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 76-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара бес рет кездесіп, соның үшеуінде қазақстандық спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы Юлия Путинцева Петерсонды 6:2, 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Юлия 1 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді.
Ю.Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 41-ракеткасы, аустралиялық Айла Томляновичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шыққанын, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Үндістанмен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).