АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 19-ракеткасы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, хорватиялық Донна Векичті 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 32 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Векич 3 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз немесе рейтингіде 42-орындағы Тунис өкілі Онс Жабердің қай жеңгенімен таласады.
Жүлде қоры 1 млн 064, 510 мың долларға бағаланған Аделаида жарысы 11 қаңтарда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық үш теннисшінің іріктеу сайыстарында бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).