Юлия Путинцева әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға кірді

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер  теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.

Уимблдон турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 4-орнын сақтап қалды.

Е.Рыбакина әлеуметтік желідегі жазбасында Уимблдонның өз жүрегінде ерекше орын алатынын, келесі жылды асыға күтетінін жазып, барша жанкүйеріне қолдауы үшін алғысын білдірді.

Осы жарыста әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті жеңіп, алғаш рет төртінші айналымға шыққан Юлия Путинцева 35-тен 29-ға көтерілді. Ю.Путинцева өзінің үздік көрсеткішіне (27) жақындап келеді. Уимблдонда іріктеу сайыстарында өнер көрсеткен Зарина Дияс 966-дан бірден 702-сатыға өтті.

Үздік үштікте И.Швентек, америкалық Кори Гауфф және белоруссиялық Арина Соболенко тұрса, Уимблдон жеңімпазы, чехиялық Барбора Крейчикова 32-ден үздік ондыққа енді. Финалист, италиялық Ясмине Паолини 7-ден 5-ке жоғарылады. Жұптық сында Анна Данилина 52-ден 50-ге шықса, Жібек Құламбаева 135-тен 140-қа, Ю.Путинцева 299-дан 300-ге ығысты.

Мұнда жаңазеландиялық Эрин Рутлифф көш бастаса, чехиялық Катерина Синякова екінші, канадалық Габриэла Дабровски үшінші сатыға жайғасты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаны жеңген теннисшінің Уимблдонда чемпион атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Карлос Алькарас екінші жыл қатарынан Уимблдон жеңімпазы атанды.