Қазақстанның екінші, әлемнің 73-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 30-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты.
Жекпе-жектің фавориті чехиялық спортшы саналғанымен, Юлия Путинцева 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 13 брейк-пойнттың бесеуін мүлтіксіз пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ю.Путинцева 1/8 финалға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсия немесе рейтингте 88-орында тұрған украиналық Катерина Байндлдің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінде Азиада чемпионымен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Бейжіңде негізгі жарысқа жолдама алғанын хабарлады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).