БИРМИНГЕМ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда Путинцева үш брейк жасады — 6:1. Екіншісінде 2:0 есебімен алға кетті. Бірақ аустралиялық спортшы қарап қалмай, есепті 5:3-ке жеткізді.
Дегенмен Юлия таразы басын теңестіріп, тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (10:8).
Бір сағат 27 минутқа созылған матчта Путинцева 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Томлянович 4 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Осылайша, Юлия Путинцева алғаш рет көгал төсенішіндегі WTA жарысында топ жарды. Бұған дейін ол 2019 жылы Нюрнберг, 2022 жылы Будапешт додасында жеңімпаз атанған еді.
Ю.Путинцева енді Бад-Хомбург WTA 500 турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Германиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).