Қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 90-орындағы таиландтық Мананчая Савангкаевты ойсырата жеңді — 6:3, 6:0.
Ю.Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 57-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуаймен таласады.
Юлия Қазақстанның Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилинамен бірге ширек финалға шықты.
Қазақстандық теннисшілер екінші айналымда таиландтықтар Анчиса Чанта — Пеангтарн Плипычпен тартысты матчта камбэк жасай білді — 5:7, 6:3, 10:6.
Бұл күні қазақстандықтар Соня Жиенбаева мен Жібек Құламбаева сенсация жасап, айды аспанға шығарды. Олар екінші айналымда жапониялықтар Сюко Аояма — Эна Сибахараға тап келді.
Сибахара 2022 жылы миксте Ролан Гаррос турнирінде үздік шықса, Аояма жұптық сында 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен еді.
Жапониялық жұптың фаворит болғанына қарамастан, қазақстандық дуэт олардың сағын өз кортында сындыра білді — 6:4, 6:4.
Соня мен Жібек ширек финалда Гонконг өкілдері Юдис Чонг — Вон Гонъимен ойнайды.
Сондай-ақ Қазақстанның ерлер арасында екінші, әлемнің 109-ракеткасы Александр Шевченко да сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға шықты. Ол үшінші айналымда Таиландтың тағы бір өкілі Максимус Джонсты 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
А.Шевченко А.Данилинамен бірге миксте екінші айналымда өзбекстандықтар Севиль Юлдашева — Максим Шиннің мысын басты — 6:1, 7:5.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжіңдегі жарыста ұпай қорын толықтыра алу мүмкіндігі туралы жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик жұптық сында Бейжің турнирінің ширек финалына шықты.