Юлия Путинцева Бейжің жарысының іріктеу сайысын сәтті бастады
Қазақстанның екінші, әлемнің 73-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 91-орында тұрған ұлыбританиялық Джоди Беррейджпен шеберлік байқасты.
Ю.Путинцева 1 сағат 42 минутқа созылған матчта 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ол 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 68-ракеткасы, ресейлік Элина Аванесянмен шеберлік таластырады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина да осы ірі додаға қатысу үшін дайындалуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Астана турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.