Юлия Путинцева Бейжіңде әлемнің 10-ракеткасына жол берді

Фото: Фото: sports.kz

Қазақстанның екінші, әлемнің 75-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 10-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсиямен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда 6:3 есебімен К.Гарсия басым түссе, екіншісінде Ю.Путинцева есе қайырды – 6:3. Алайда үшінші, шешуші сетте жеңіс франциялық теннисшінің еншісінде кетті – 6:3.

Екі сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында К.Гарсия 8 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қазақстандық спортшы 1эйс, 2 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Каролин Гарсияның келесі қарсыласы – әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Ангелина Калинина.

Бүгін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина германиялық Татьяна Мариямен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжіңде Азиада чемпионын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Шанхай мастерс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Astana Open ATP 250 турнирінің финалына шыққан теннисшілер белгілі болды.