БЕРЛИН. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған америкалық Кэролайн Доулхайдпен кездесті.
Бірінші сетте Путинцева 6:3 есебімен басым түскенімен, екіншісінде тай-брейкте Доулхайд есе қайырды – 7:6 (7:2). Дегенмен шешуші, үшінші сетте Юлия бет қаратпады – 6:1.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 2 эйспен бірге 20 брейк-пойнттың сегізін өз есебіне жазды. Доулхайд 1 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева финалға шығу үшін әлемнің 44-ракеткасы, италиялық Элизабетта Кочареттомен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 49-сатыдағы ресейлік Диана Шнайдерден айласын асырды – 5:7, 6:4, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Берлин жарысының жартылай финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).