Юлия Путинцева Брисбен турнирінің үшінші айналымына өтті

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің 29-ракеткасы, қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты. 

Жарыстың 15-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған Ю.Путинцева әлемнің 67-ракеткасы, америкалық Маккартни Кесслердің мысын басты.

Бірінші партияда 6:2 есебі тіркелсе, екінші сетті де Путинцева жеңіспен түйіндеді – 7:5. 

Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 3 эйске қоса 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Эйс жасамаған Кесслер 2 брейк-пойнттан да ештеңе шығара алмады. 

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 75-сатыдағы мексикалық Рената Сарасуаның қай жеңгенімен таласады.

Брисбенде 29 желтоқсанда басталған дода 5 қаңтарда мәресіне жетеді. 

2024 жылы Брисбенде финалда А.Соболенконы ұтқан қазақстандық Елена Рыбакина жеңімпаз атанса, Ю.Путинцева қатыспаған еді.

Путинцева WTA live рейтингісінде 26-орынға көтеріліп тұр. Осы орнын сақтап қалса, бұл оның әлемдік рейтингідегі рекордтық көрсеткіші болмақ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Қазақстан құрамасының өткен жылғы чемпионмен ойнайтынын жазған болатынбыз.