АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисшінің үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен жолы түйісті.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте Путинцева брейкпен алға шықты. Бірақ сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Тай-брейкте Соболенко сәтті ойнады — 7:6 (7:2).
Екінші сетте Соболенко есесін жібермеді — 6:4.
Бір сағат 49 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 1 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Соболенко 6 эйс, 2 брейпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Арина Соболенко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 44-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның өз командасына бұрынғы бапкері Стефано Вуковты қайта қосқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).