Юлия Путинцева Дохадағы ірі жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 20-ракеткасы Юлия Путинцева Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.
«Үлкен дулығадан» кейінгі ірі жарыстың бірі болып есептелетін Доха додасында қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 63-ракеткасы, жапониялық Моюка Учижимамен өткізді.
Бірінші партияда Путинцева 3:0 есебімен алға шықты. Сосын тағы бір брейкпен тәмамдады — 6:2.
Екіншісінде есесіне есеп 2:2 болған мезетте жапониялық спортшы брейк жасап кетті. Юлия есепті теңестіргенімен, қарсыласының тағы бір брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды — 4:5. Дегенмен таразы басы қайта теңесті — 5:5. Тай-брейкте Учижима сәтті ойнады — 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші сетті Путинцева 3:0 есебімен сәтті бастағанымен, Моюка да барын салды — 3:3. Юлия қайтадан брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Сосын матчты брейкпен түйіндеді — 6:3.
Екі сағат жарым уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 2 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың сегізін мүлт жібермеді. Учижима 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Ю.Путинцева жүлде қоры 3,6 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың 1/8 финалына шығу үшін рейтингіде 33-орында тұрған чехиялық, 20 жастағы Линда Носковамен таласады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 19-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичтің мысын басты — 6:2, 6:4.
Бір қызығы, Ю.Путинцева жұптық сында Л.Носковамен бірге алғашқы матчында норвегиялық Ульрикке Эйкери — румыниялық Моника Никулескуге жол берді — 4:6, 4:6.
Доха турнирін екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның әлемдік рейтингіде ТОП-20-ға қайта кіргенін жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Нью-Дели турнирінің екінші айналымына шықты.