Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Гонконг WTA 250 турнирінде ұтылып қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 37-ракеткасы - ресейлік Анна Блинковамен кездесті.
Бірінші партияда ресейлік спортшы 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Путинцева есе қайырды - 6:2.
Үшінші, шешуші сетте есеп 1:5 болған сәтте қазақстандық теннисші бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 53 минутқа созылған матчта Путинцева 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Блинкова 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарынан сәтті өткен, рейтингте 1016-сатыдағы Анна Данилина алғашқы айналымда әлемнің 70-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Фрешпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Гонконгте негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина бастаған теннисшілер әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтынын хабарлаған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).