Юлия Путинцева Қытайдағы турнирді сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында WTA рейтингісінде 1 018-орында тұрған қытайлық, 17 жастағы Йихан Кудың меселін қайырды.

Бірінші партияда Ю.Путинцева айқын басымдылық танытты – 6:1.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, тай-брейкте Юлияның мерейі үстем болды - 7:6 (7:0).
Бір сағат 46 минутқа созылған бәсекеде Путинцева эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Ку 1 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында әлемнің 64-ракеткасы, америкалық Алисия Паркспен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі жарысқа өтеді. 

Өткен жылы Нинбода Ю.Путинцева алғашқы айналымнан аса алмаса, Елена Рыбакина жеңімпаз атанған еді. Е.Рыбакина биыл сол чемпиондық атағы мен 500 рейтингілік ұпайын қорғауы тиіс.

Ю.Путинцева осының алдында қазір жалғасып жатқан Ухань (Қытай) WTA 1000 жарысының іріктеу сайыстарын сәтті аяқтап, екінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның өзі чемпион атанған турнирде өнер көрсететінін жазған едік.