АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, хорватиялық Донна Векичпен бетпе-бет келді. Бірінші партияда Путинцева 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Векич есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Юлия есеп 5:3 болғанда, матчқа доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екі сағат жарым уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Векич 2 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің екінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингіде 37-сатыдағы чехиялық Катержина Синякованың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытайдағы турнирдің қазақстандық теннисшілер үшін сәтті басталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).