АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 121-орында тұрған 19 жастағы германиялық Элла Зайдельді сынап көрді.
Юлия бірінші партияда 5:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Зайдель есепті қысқартқанымен, Путинцева дегеніне жетті – 6:4.
Екінші сетте де осындай есеп тіркелді – 6:4.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 7 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Зайдель 1 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткина немесе рейтингіде 42-орындағы чехиялық Катержина Синякованың қай жеңгенімен таласады.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 26-сатыға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматы турнирінде Александр Шевченконың Михаил Кукушкинді ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).