Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты

Фото: olympic.kz

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен сәтті өткізді.

Бірінші партияда Ю.Путинцева 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде К.Буча қарымта қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Юлия жеңісті жұлып алды – 6:4.

Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың сегізін мүлт жіберген жоқ. Буча да қалыспады – 1 эйс, 7 брейк (14 брейк-пойнт).

Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен таласады.

Жарысты екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталды. Ол рейтингіде 91-сатыдағы даниялық Клара Таусонмен шеберлік байқасады. Доданы іріктеу сайыстарынан бастаған К.Таусон алғашқы айналымда әлемнің 50-ракеткасы, америкалық Кэролайн Доулхайдтан айласын асырды – 6:3, 3:6, 6:2.

Өткен жылы Майамиде Е.Рыбакина финалға дейін жетіп, чехиялық Петра Квитоваға жол берсе, Ю.Путинцева алғашқы айналымда-ақ сүрінген еді.

Өткен жылғы нәтижесін қазірдің өзінде жақсартқан Ю.Путинцева WTA Live рейтингісінде 65-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Хорватиядағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.