Юлия Путинцева Монттеррей турнирін сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Монтеррей (Мексика) WTA 500 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Іріктеу сайысының 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін рейтингіде 431-орындағы мексикалық Виктория Родригеспен өткізді.

Матч 6:4, 6:3 есебімен Ю.Путинцеваның пайдасына шешілді.

Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаға асырды. Родригес 1 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында әлемнің 67-ракеткасы, аустралиялық, 20 жастағы Майя Джойнтпен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, 23-29 тамыз аралығында өтетін негізгі жарысқа жолдама алады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Григорий Ломакиннің Тайбэйдегі турнирдің финалына шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ Алматыда Roland Garros Junior Series турнирі бойынша іріктеу жарысының жеңімпаздары анықталды.