Абылайхан мен Нұрлыхан Парижде жақсы нәтиеже көрсетуге бар күшін салады – Қален Қалиұлы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшелері Абылайхан Жұбаназар мен Нұрлыхан Шархан қазір Парижде Олимпиада ойындарына дайындығын пысықтап жатыр. Олардың жеке бапкері Қален Қалиұлы шәкірттерінің әзірлігі жөнінде айтып берді. 

Фото: Қален Қалиұлының жеке мұрағатынан

Екі балуан да 2000 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Үлкен спортқа алғашқы қадамын туған топырақта бастаған. Қазір дзюдодан ұлттық құраманың тәжірибелі балуандарына айналып үлгерді. 

«Париж қаласында жарысқа дайындықты бастап кеттік. Шәкірттерім шеберлігін шыңдау үстінде. Мұндай мүмкіндік әрбір спортшының маңдайына бұйыра бермейді. Сол мүмкіндікті мүлт жібермеу керек. Жігіттер оны жақсы түсінеді. Татами төрінде қарсыластарынан басым түсіп, жүлдеге қол жеткізуді мақсат тұтып отыр.. Сондықтан жақсы нәтиеже көрсетуге бар күшін салады», - деді Қален Қалиұлы.

Париж Олимпиадасында Абылайхан Жұбаназар 30 шілдеде сайысқа түссе, Нұрлыхан Шархан 1 тамызда белдеседі. 

Абылайхан Жұбаназар 2022 жылғы Азия ойындарында қолаға қол созса, былтыр өткен «Grand Slam» турнирлерінде күміс және қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ, биыл «Қазақстан барысы турнирінде үздік үштіктен көрінді.

Нұрлыхан Шархан 2023 жылы Ханчжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париждегі «Grand Slam» турнирінде үздік үштікте болды. 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль алды. Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.