Юлия Путинцева Олимпиадаға неге қатыса алмағанын түсіндірді

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева Париж Олимпиадасына жарақатына байланысты қатыса алмағанын түсіндірді. 

Қазақстандық теннисші Уимблдонда тізесінен алған жарақаттың әлі күнге дейін маза бермегенін жеткізді. Оның айтуынша, өзінің командасы, TEAM Qazaqstan және Қазақстан теннис федерациясы қанша күш салса да, қалпына келе алмаған.

«Мен ел намысын қорғауды қашанда үлкен құрмет деп білдім. Қазақстан үшін барлығы 40 матч өткіздім. Билли Джин Кинг кубогы үшін қазақстандық құрамадан ең көп жеңіске қол жеткіздім. Өкінішке қарай, бұл жолы кортқа шығудың өзі мүмкін болмай тұр. Мен командамнан, Қазақстан теннис федерациясынан, жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Бұл мен үшін өте ауыр», - деді Юлия Путинцева. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Румыниядағы WTA 250 турнирінде топ жарғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Путинцеваның Париждегі Олимпиада ойындарында өнер көрсетпейтіні белгілі болды.