РИМ. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 87-ракеткасы, корт иесі Мартина Тревизанмен шеберлік байқасты.
Қос теннисші осыған дейін екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы Тревизан брейкпен бастады - 2:0. Дегенмен ізінше Путинцева таразы басын теңестірді - 2:2. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді - 6:3.
Екінші сетте қазақстандық спортшы үшінші матчболын пайдаланды - 6:4.
Бір сағат 43 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 4 эйспен бірге 8 брейк-пойнтты тең жартысын мүлт жібермеді. Тревизан 1 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева үшінш айналымға шығу үшін әлемнің 35-ракеткасы, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы Слоан Стивенспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемде виннерстен алдына жан салмай келе жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).